Биография А. Селезнева

АЛЕКСАНДР ВЛАДИМИРОВИЧ СЕЛЕЗНЕВ

(1906-1961)

20 жылдан аса хореографиялық училищенің тұрақты көркемдік жетекшісі, ұстазы, қоюшы-репетиторы болған ҚазКСР Халық әртісі Александр Владимирович Селезневтің есімі (1906-1961) училище тарихы беттерінен ерекше орын алады. Ол бар білімін, еңбегі мен тәжірибесін, биге деген махаббатын Қазақстанның ұлттық балет өнерінің дамуы мен қалыптасуына арнады.

Александр Селезнев

А.В. Селезнев Кларк жекеменшік балет студиясын, Ленинград хореографиялық училищесінің кешкі курстарды бітірген. 1926-1936 жылдары Мәскеу және Ленинград театрларында жұмыс істеген. Классикалық би педагогтарын даярлау курстарынан өткен.

1936 ж. Мәскеудегі Қазақ өнерінің бірінші Декадасы

«Ұйқыдағы ару» балетінен Гүлдер вальсі

А.В. Селезнев Алматыға 1937 жылы келген. Ол театр сахнасында Зигфрид («Аққу көлі»), Гирей («Бақшасарай бұрқағы»), Марцелина және Колен («Пайдасыз сақтық»), Петр I («Жез салт атты»), Клод Фролло («Эсмеральда»), Мергенбай («Қамбар мен Назым») және т.б. бейнелерді сомдап, балеттің жетекші солистіне айналды. Сонымен қатар ол музыкалық-хореография мектебінде дәріс беріп, сахна шеберлігі тәжірибесін оқушыларына үйретті.

А.Адан. Жизель. Альберт. Александр Селезнев

1938 жылдың 3 мамырында ҚазКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің № 419 «Өнер кадрларын даярлайтын оқу орындарының қайта құрылуы туралы» Қаулысымен музхормектебінің хореографиялық бөлімінің негізінде Алматы қаласында хореографиялық техникум ашылды. 1938 жылдың тамыз айында ол жеке дара оқу орны – Хореографиялық училищеге ауысып, сол дәреже осы күнге дейін сақталып келеді.

А.В. Селезневтың бастамасымен балет мектебінің хореографиялық білім беру әдісі Ленинградтық хореография училищесінің оқу бағдарламаларының негізінде құралды, соның арқасында кәсіби білім алу деңгейі едәуір өсті. Осындай оқыту әдісінің қорытындысы ретінде 1938 жылдың 13 маусымында музыкалық-хореография мектебінің бірінші есеп беру концерті өтті. А. Селезнев пен Л. Молодяшин дайындаған концертік бағдарламаға «Шопениана», «Князь Игорь» операсынан «Қыпшақ биі», және солар қойған концерттік нөмірлер кірді. Бірінші есеп беру концерті жоғары кәсіби деңгейде өтті.

1938 ж. «Половецкие пляски». Қоюшы – М. Молодяшин

Орындаушылар: білім алушылар Ә. Сүлейменова, Д. Әбіров

 

Фашисттік Германияның шабуылы оқу орнының үйлесімді өмірінің шырқын бұзды. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» ұранын ұстанған училище өзінің Сталин атындағы даңғылдағы жаңадан салынған ғимаратын госпитальге беріп, бұрынғы, Сібір көшесіндегі ескі үйіне қайтып келді де, бұрынғыша музыка мектебінің бір бөлігіне айналды.

Оқушылар құрамын сақтай отырып, училище өз жұмысын жалғастырды. Шефтік концерттер мен госпитальдарда, әскери бөлімшелерде белсенді түрде өз өнерін көрсетті. Хореографиялық училищенің бірінші түлектері осы соғыс жылдарында (1942 жылы) оқуын тәмамдап, түгелге жуығы майданға аттанды. Сол түлектердің арасында А. Сәтенов, С. Қожаева, С. Парманқұлова, А. Сүлейменова, Т. Печерская, А. Гвоздикова, Г. Ақымбекова, Е. Ватсон, М. Джоатарова, Л. Шакулова болды. Соңғы бітіруші жылы олармен аты аңызға айналған Галина Уланова (1910-1998) жұмыс істеді. Ол соғыс басталғанда Мәскеуден Алматыға эвакуацияланған болатын. Абай атындағы МАОБТ сахнасындағы жұмысымен қатар ол хореография училищесіне барынша көмек көрсеткен. А.В. Селезнев кейін еске алатын: «Галина Сергеевна балет мектебінің оқушыларына өте көп уақыт арнайтын. Ол репетиция өткізіп, емтихан қабылдайтын, қажет кездері маған құнды кеңестер беретін. Жұмыстың қиындығы оған еш кедергі болмайтын. Суықта да, балшықта да ол Сібір көшесіндегі сарайымызға келіп, балаларыммен жұмыс істейтін».

Галина Уланова

1940 ж. Мазурка. Ж. Нұршайықов, С. Абдраманов, А. Гвоздикова

А.В. Селезнев хореография училищесінен 17 жыл бойы оқушыларды тәмамдатып, классикалық би педагогикасының өз мектебін қалыптастырды. Ол Қазақстан хореография өнерінің жетекші балет әртістерінің көптеген саңлақтарын тәрбиеледі. Олар ҚазКСР халық және еңбек сіңірген әртістері: Д.Әбіров, З. Райбаев, Б. Аюханов, С. Көшербаева, И. Манская, Р. Тәжиева, А.Асылмұратов, С. Тұлусанова, З. Ақбарова, Л. Таганов, Э. Мәлбеков, Ғ.Ақжанов, Г. Урманова, Р. Исламғалиева, Ф. Ұлтанбаева, Л. Әшірова, Н. Карабоинова, Л. Сарынова – өнертану кандидаты, қазақ балет өнерінің тұңғыш зерттеушісі. Абай атындағы театрдың солисттері Л.Симагина, Т.Васильева, А. Солнцева, Н. Краснова, Н. Заичкина, Л. Воскресенская, С. Ақбарова, Г. Горская, Н. Гудочкина, В. Хен, Х. Базарбаев, С. Зайнуллин, В. Коржева, И. Астафьев, Ю. Малых, И. Шамиев, Р. Хасанов, С. Сағандықов, М. Бапов, Т. Досименов, А. Амангелдина, С. Войцеховская, Т. Ахмарова, Р. Даәулетьярова, И. Гуляева, М. Мунтин, Т. Мәлбекова және т.б. А.В. Селезневтің шәкірттері хореография училищесінің жетекші ұстаздарына айналды, олар Р. Елшібекова, Ә. Түлекова, А. Ғабитова, И. Олзоева, Ж. Тастанова, Қ. Жақыпова, С. Наурызбаева, Р. Көрпешева және т.б.

А.В. Селезневтың Мәскеу және Ленинград қалаларындағы мектептермен байланысуы арқасында Ф. Қойгелдинова, М. Тиранова, Б. Уәлиев, А. Жәлілов (Қаз КСР еңбек сіңірген әртісі), Е. Усин, Р. Байсейітова (ҚР халық әртісі), З. Қастеева (ҚР халық әртісі), Р.Оңғарова (ҚР халық әртісі), Р. Бапов (КСРО халық әртісі), Б. Жантаев (ҚР еңбек сіңірген қайраткері), Д. Нақыпов (ҚР хореографтар Кеңесінің төрағасы), К. Мәжікеев және т.б. білім алып, жоғары білікті мамандарға, Абай атындағы театрдың жетекші әртістеріне айналды.

И. Манскаяның естелігінен: «Оның мейірімді жанкештілігі біздің барлығымызға, оның студенттеріне берілетін. Оның балаларға деген махаббаты шексіз болатын. Жыл сайын аймақтарды аралап, Қазақстанның балалар үйінен жетімдер мен баспанасыздарды жинайтын. Ол бұны жазаланған жанұяларға деген борышым деп білетін. А. Селезнев керемет оқытатын. Біздің мамандығымыз бойынша беделді тұлғалардың шығармашылығы туралы барлығын да білетінбіз. Ол бізді өзімізге сахнада да, тұрмыста да қатаң қарауға үйрететін. Бір-бірімізді өте құрметтейтін едік. Егер, біреу кешігіп жатса ол сабақты бастамай, барлығын күтіп отыратын. Ал, егер, сыныптан біреуді шығарып жіберсе, татуласуға бірінші болып өзі баратын. Ешкім реніш сақтамайтын. Бізді байланыстыратын жауапты іс – Биге үйрену болды».

Соғыстан кейін А.В. Селезнев өз оқушыларын балеттік классикалық мұраның ең мықты үлгілерінде тәрбиелеуді жалғастырды. Училище қабырғаларында П. Чайковскийдың «Аққу көлі», Ц. Пунидің «Эсмеральда», Л. Минкустың «Баядерка», «Дон-Кихот», «Пахита» балетінен Grand pas, Р. Глиэрдың «Красный мак», «Пайдасыз сақтық» және т.б балеттерінің сахналанған қойылымдары өткізілді.

Ракуль Тәжиева, Александр Селезнев

А. Селезневтің оқу үрісіне енгізген үлкен бір жаңалығы, Училищеде әр жарты жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұратын есептік концерттер. Концерттік бағдарламалардың қайталануына жол бермей, ол балет классикасының үлкен ауқымын қамтуға тырысты: «Мен балаларды орыс хореографиясындағы ең жақсы дүниеге тартқым келді»…

Училище өміріндегі теңдесіз орын алған сәт, КСРО Хореографиялық училищелерінің конференциясына қатысу болды.

1950 жылдың 20 сәуірінде Мәскеу қаласында Одақтың барша хореографиялық училищелерінің конференциясы өтеді. Бұл балет педагогикасындағы жетістіктерді кең ауқымды байқау шарасы кеңестік хореографияның соғыстан кейінгі өміріндегі үлкен оқиға болды. Мәскеулік, Ленинградтық училищелермен қатар Алматылық хореографиялық училище де атап өтілді. Байқауда Қазақстанды А.В. Селезневтың оқушылары, қазақ балетінің болашақ мақтанышы С. Көшербаева, З. Райбаев, С. Тұлусанова, Ғ. Ақжанов танытты. Балет өнерінің майталмандарынан құралған конференцияның комиссиясы бірауыздан жас бишілердің техникалық сауаттылығын, келісті әрі ұстамды орындау мәнерін мойындады. Қазақстанда классикалық биді үйрету үрдісі дұрыс жолға қойылғаны ерекше атап айтылды. Бұл А.В. Селезневтың жетекшілігіндегі ұстаздар мен оқушылардың шеберлігі мен кәсіпқойлығы мойындалды деген сөз.

Ғ. Акжанов, С. Көшербаева, З. Райбаев

С. Көшірбаева, С. Тұлұсанова

 

КСРО хореографиялық училищелерінің кезекті байқауында Алма-Ата хореографиялық училищесін: С. Акбарова, К. Даиров, Р. Мухамеджанова, Р. Давлетьяров, Э. Мальбеков, Т. Амиржанов, Т. Досименов, С. Зайнуллин, Р. Еслямгалиева, Б. Гиляжева, Р. Алипбаева, К. Габбасов сынды білім алушылар таныстырды. Бүгінде олар қазақ балетінің еңбек сіңірген ардагерлері, жас әртістердің арқа сүйерлері.

 

1959 жыл

 

А.В. Селезнев әрдайым ұлттық кадрлерді даярлауға ден қойған. Ол ұлттық қазақ балетінің мектебі жайлы ойланатын. А.В.Селезневтің 1957 жылы оқушысы С. Войцеховскаяға былай деп жазған екен: «Қазақстан-қазақтар, осы екі сөзде менің бар жұмысымның, еңбегім мен міндетімнің мағынасы жасырынған. Өзгеше болуы мүмкін де емес, болмайды да». А.В. Селезневтің арманы ақыры орындалды: қазіргі қазақстандық балет мектебі әлемнің жетекші хореография мектептерімен тең дәрежеде жұмыс атқарып, дамып келеді. Ол ленинградтық қайраткерлердің күш-жігерімен қатар, мәскеулік орыс хореографиясы мектебінің үлесімен қалыптасқан. Қазақтың ұлттық дәстүрімен ұштарласуы арқасында әлемге танымал қазақстандық балеттің феномені туды.

А.В. Селезнев өзінің бар өмірімен оқушыларына балет өнеріне шексіз берілу керек деген ең басты сабақ берді деуге болады. Оның жарқын есімін есте қалдыру мақсатымен ҚазКСР Министрлер Кеңесі 1988 жылдың 2 ақпанында Алматы хореографиялық училищеге Александр Владимирович Селезневтің атын беру туралы Қаулы шығарды.